1-бап. Осы Кодекспен реттелетін қатынастар
1. Осы Кодекс цифрлық деректер мен цифрлық объектілерді құру, олардың айналымы, сақтау, беру және пайдалану кезінде цифрлық ортада туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
Цифрлық орта деп осы Кодекспен реттелетін қоғамдық қатынастарды қозғайтын бөлікте цифрлық деректер мен цифрлық объектілерді орналастыру немесе оларға құқықтарды тіркеу аумағына қарамастан, оларды құру, олардың айналымы, сақтау, беру және пайдалану, оларға құқықтарды жүзеге асыру және беру үшін инфрақұрылымның, технологиялардың, процестер мен шарттардың жиынтығы түсініледі.
2. Цифрлық ортада туындайтын мүліктік және өзге де азаматтық-құқықтық қатынастар осы Кодексте белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен реттеледі.
3. Егер Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Кодексте, Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының аумағында цифрлық деректер мен цифрлық объектілерді құру, олардың айналымы, сақтау, беру және пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыратын шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар және шетелдік заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғалары үшін Қазақстан Республикасында белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ міндеттерді атқарады.