1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңның мақсаттары үшiн мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) аккредиттеу – уәкiлеттi органның осы Заңда көзделген, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен нысан бойынша куәлiкпен расталған бухгалтерлердiң кәсiби ұйымдарының және бухгалтерлердi кәсiби сертификаттау жөнiндегi ұйымдардың құқықтылығын тануы;
2) бастапқы eceпкe алу құжаттары (бұдан әрi - бастапқы құжаттар) - бухгалтерлiк есеп жүргiзуге негiз болатын, операцияның немесе оқиғаның жасалу фактiсiнiң және оны жасауға берiлген құқықтың қағаз және электрондық жеткiзгiштегi құжаттық растамасы;
3) бухгалтерлердi кәсiби сертификаттау жөнiндегi аккредиттелген ұйым (бұдан әрi – сертификаттау жөнiндегi ұйым) – кәсiби бухгалтерлерге кандидаттарды сертификаттауды жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен аккредиттелген заңды тұлға;
4) бухгалтерлердiң аккредиттелген кәсiби ұйымы (бұдан әрi – кәсiби ұйым) – бухгалтерлердің және (немесе) бухгалтерлiк ұйымдардың бiрлестiгi болып табылатын, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен аккредиттелген коммерциялық емес ұйым;
5) бухгалтерлiк есепке алу тiркелiмдерi - бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк жүйесiнде көрсету үшiн есепке алуға қабылданған бастапқы құжаттардағы ақпаратты қорытуға, жүйелеуге және жинақтауға арналған нысандар;
6) бухгалтерлiк ұйым - бухгалтерлiк есеп саласында қызмет көрсететiн, кәсiби ұйымның мүшесi болып табылатын ұйым;
6-1) еншілес ұйым – халықаралық стандарттарға сәйкес негізгі ұйымның бақылауындағы ұйым деп танылатын және халықаралық стандарттар бойынша шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасау үшін негізгі ұйымның қаржылық есептілігін ұсынатын ұйым;
7) жария мүдделi ұйымдар – қаржы ұйымдары (қызметінің ерекше түрі шетел валютасымен жасалатын айырбастау операцияларын ұйымдастыру болып табылатын заңды тұлғаларды қоспағанда), акционерлiк қоғамдар (коммерциялық еместерiн қоспағанда), жер қойнауын пайдаланушы ұйымдар (кең таралған пайдалы қазбаларды өндiретiн ұйымдардан басқа), астық қабылдау кәсіпорындары және жарғылық капиталында мемлекеттiң қатысу үлесi бар ұйымдар, сондай-ақ шаруашылық жүргiзу құқығына негiзделген мемлекеттiк кәсiпорындар;
8) кәсіби бухгалтер – кәсіби ұйымның мүшесі болып табылатын, кәсіби бухгалтер сертификаты бар жеке тұлға;
9) кәсiби бухгалтер сертификаты (бұдан әрi - сертификат) - сертификаттау жөнiндегi ұйым берген, бухгалтердiң кәсiби бiлiктiлiгiн куәландыратын құжат;
10) қаржылық есептілік депозитарийі (бұдан әрі – депозитарий) – жылдық қаржылық есептілік және ұйымдар жыл сайын беріп отыратын аудиторлық есептер, ақционерлік қоғамдардың үлестес тұлғаларының тізімі сондай-ақ акционерлік қоғамдардың корпоративтік оқиғалары туралы ақпарат қамтылатын, пайдаланушылар үшін ашық қолжетімді электрондық деректер базасы;
11) қаржылық есептiлiк стандарты - бухгалтерлiк есеп жүргiзу және қаржылық есептiлiк жасау принциптерi мен әдiстерiн белгiлейтiн құжат;
12) қаржылық есептiлiктiң ұлттық стандарттары (бұдан әрi - ұлттық стандарттар) - қаржылық есептiлiктiң уәкiлеттi орган бекiткен стандарттары;
13) қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттары (бұдан әрі – халықаралық стандарттар) және шағын және орта бизнес ұйымдарына арналған қаржылық есептіліктің халықаралық стандарты (бұдан әрі – шағын және орта бизнеске арналған халықаралық стандарт) – Қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттары жөніндегі кеңес бекіткен қаржылық есептілік стандарттары;
13-1) негізгі ұйым – халықаралық стандарттарға сәйкес бір және одан да көп еншілес ұйымды бақылайды деп танылатын және халықаралық стандарттар бойынша шоғырландырылған қаржылық есептілікті ұсынатын ұйым;
14) уәкiлеттi орган - бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк саласындағы қызметтi реттеудi жүзеге асыратын орталық мемлекеттiк орган.