1-бап. Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасы осы Кодекстен тұрады.
2. Осы Кодекс Қазақстан Республикасының Конституциясына, халықаралық құқықтың жалпы танылған қағидаттары мен нормаларына негiзделедi.
2-1. Осы Кодекске өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздемейтін заңмен жүзеге асырылады.
Бұл ереже әкімшілік жауаптылықты алып тастау жағдайларына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен әзірленетін заң жобаларына қолданылмайды.
Ескерту. 2-1-бөлігі 01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі - осы Кодекстін
920-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасымен.
3. Әкімшілік-деликтік құқықтық қатынастарды реттейтін Қазақстан Республикасының халықаралық шарттық және өзге де міндеттемелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының және Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманың құрамдас бөлігі болып табылады.
4. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Кодекс алдында басымдыққа ие болады және халықаралық шарттан оны қолдану үшiн заң шығаруды талап ету туындайтын жағдайлардан басқа кезде, тiкелей қолданылады. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделгеннен өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.