1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
жұмылдыру - Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарын, ұйымдарын, Қарулы Күштерiн, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарын, халқын, аумағы мен экономикасын (жалпы жұмылдыру) немесе олардың қайсы бiр бөлiгiн (iшiнара жұмылдыру) соғыс жағдайы режимiне көшiруге байланысты жалпымемлекеттiк шаралар кешенi;
жұмылдыру дайындығы – бейбiт уақытта жүргiзiлетiн және соғыс уақытында мемлекеттi тұрақты басқаруға, ел экономикасын Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнiң, басқа әскерлерi мен әскери құралымдарының, арнаулы мемлекеттік органдарының және халқының қажеттiлiктерiн қамтамасыз етуге ұйымдасқан түрде көшіруге, елдi қарулы қорғауға және оның қорғанысына, жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңi мен соғыс уақытында әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз етуге бағытталған iс-шаралар кешенi;
жұмылдыру әзірлігін бағалау - жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру нормативтеріне және талаптарына мемлекеттік органдар мен ұйымдардың дайындық деңгейі сәйкестігінің дәрежесін айқындау;
жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкiлеттi орган - жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы мемлекеттiк саясатты қалыптастыруды жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
жұмылдыру қуаттары - жұмылдыру тапсырыстарын орындауға арналған өндiрiстiк алаңдар, технологиялық жабдықтар, инженерлiк-техникалық және өзге де құжаттама;
жұмылдыру резервi – мемлекеттiк материалдық резервтiң құрамдас бөлiгi болып табылатын, жұмылдыру, соғыс жағдайы кезiнде және соғыс уақытында жұмылдыру тапсырысын орындау, әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою жөніндегі бірінші кезектегі шараларды қолдану, төтенше жағдайдың құқықтық режимін қамтамасыз етудің бірінші кезектегі шараларын қолдану, бейбіт уақытта гуманитарлық көмек көрсету үшiн қажеттi және жұмылдыру тапсырысы бар ұйымдар ағымдағы өндiрiстiк қызметiнде пайдаланбайтын шектеулi номенклатура бойынша материалдық құндылықтар запасы, сондай-ақ арнайы құралымдардың материалдық-техникалық құралдары;
жұмылдыру тапсырмасы - жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңi мен соғыс уақытында мемлекеттiң тұрақты жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi шешуге бағытталған iс-шараларды орындауға мемлекеттiк органдарға берiлетiн тапсырма;
жұмылдыру тапсырысы - ұйымдарға жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңi мен соғыс уақытында белгiлi бiр номенклатурада, мөлшерде және сапада тауарлар (жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер) өндiруге, арнаулы құралымдар құруға берiлетiн мемлекеттiк тапсырыс;
Қазақстан Республикасының жұмылдыру жоспары – Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн, Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды, арнаулы мемлекеттік органдарды жұмылдыра өрiстету жөнiндегi шараларды iске асыруға, Қазақстан Республикасының экономикасын, мемлекеттiк органдарын, ұйымдарын, әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерi мен халқын жұмылдыру тапсырыстарын (тапсырмаларын), сондай-ақ жұмылдыру дайындығының өзге де iс-шараларын орындау жолымен жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңiндегі және соғыс уақытындағы қызмет режимiне көшiруге бағытталған iс-шаралар жоспары;
уақытша қайта тиеу ауданы - әскерлер мен әскери жүктерді көліктің бір түрінен екіншісіне қайта тиеуді жүзеге асыратын жердің учаскесі.
Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2006.07.07 N 183 Заңымен, өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.07.15 N 334-IV, 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен; 03.07.2013 № 121-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.