1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдай – адам шығындарына, денсаулыққа зиян келтiруге, елеулi мүліктік шығындарға немесе тұрғындардың тiршілiк әрекетi жағдайының бұзылуына әкеп соғуы мүмкiн немесе әкеп соққан әлеуметтік қатынастар саласындағы белгілі бір аумақта қайшылықтар мен жанжалдардың туындауымен байланысты төтенше жағдай;
1-1) әлеуметтік-экономикалық саладағы дағдарыстық ахуал – елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төнген және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасының салық, бюджет, кеден, банк, еңбек, валюта заңнамасының, Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы, денсаулық сақтау саласындағы, мемлекеттік сатып алу туралы, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы, азаматтарды әлеуметтік қорғау салаларындағы, мемлекеттік мүлік туралы, мемлекеттік бақылау және қадағалау мәселелері бойынша заңнамасының қолданылу, елдің халықаралық міндеттемелерін іске асыру ерекшеліктері белгіленуі мүмкін ахуал;
2) жергiлiктi жердiң коменданты – Қазақстан Республикасының Президентi тағайындайтын, төтенше жағдай енгiзiлген жергілікті жердегi комендатураның қызметiне басшылық жасайтын және төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ететiн күштер мен құралдарды бiртұтас басқаруды жүзеге асыратын лауазымды адам;
3) жергiлiктi жердiң комендатурасы – төтенше жағдай енгiзiлген жергілікті жерде төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ету үшiн Қазақстан Республикасының Президентi құратын уақытша арнаулы орган;
4) коменданттық сағат – арнайы берiлген рұқсаттамасыз және жеке басын куәландыратын құжаттарсыз көшелерде және өзге де қоғамдық орындарда не үйлерiнен тыс жерлерде жүруге тыйым салынатын тәулiк мезгiлi;
5) төтенше жағдай – азаматтардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын қорғау мүдделерiнде ғана қолданылатын және азаматтардың, шетелдiктердiң және азаматтығы жоқ адамдардың құқықтары мен бостандықтарына, сондай-ақ заңды тұлғалардың құқықтарына жекелеген шектеулер белгiлеуге жол беретiн және оларға қосымша мiндеттер жүктейтiн, мемлекеттiк органдар, ұйымдар қызметiнің ерекше құқықтық режимі болып табылатын уақытша шара;
6) төтенше жағдай енгiзiлетiн жергілікті жердiң шекаралары – Қазақстан Республикасының бiр немесе бiрнеше әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерiнiң аумағы;
7) Төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ету жөнiндегi мемлекеттiк комиссия – төтенше жағдай енгiзу кезеңiне Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiсiмен құрылатын арнаулы мемлекеттiк басқару органы.