1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) асыраушы - өзiнiң асырауындағы отбасының еңбек етуге қабiлетсiз мүшелерiн өз табысы есебiнен асыраушы адам;
2) асырауындағылар санының коэффициентi - қайтыс болған (coт хабар-ошарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жарияланған) асыраушының асырауында болған оның отбасы мүшелерiнiң санын ескеретiн коэффициент;
3) әлеуметтiк аударымдар - өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушыға, ал асыраушысынан айрылған жағдайда оның асырауында болған отбасы мүшелерiне осы Заңға сәйкес әлеуметтiк төлемдер алу құқығын беретiн, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төленетiн осы Заңда белгiленген мiндеттi төлемдер;
3-1) әлеуметтік аударымдар бойынша берешек – әлеуметтік аударымдардың есептелген және мерзімінде аударылмаған сомалары,
сондай-ақ төленбеген өсімпұл сомалары;
сондай-ақ төленбеген өсімпұл сомалары;
4) алып тасталды - ҚР 02.07.2018 № 165-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
5) алып тасталды - ҚР 17.11.2015 № 408-V Заңымен (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі);
6) әлеуметтiк аударымдарды төлеушi (бұдан әрi – төлеушi) – осы Заңда белгiленген тәртiппен әлеуметтiк аударымдарды есептеудi және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төлеудi жүзеге асыратын жұмыс берушi, дара кәсіпкер, жеке практикамен айналысатын адам, сондай-ақ «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші болып табылатын жеке тұлға;
7) әлеуметтiк аударымдар мөлшерлемесі - әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсiнiң шамасына пайыздық қатынаспен көрсетiлген, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төленетiн мiндеттi төлемдердiң тiркелген мөлшерi;
8) әлеуметтiк қатер - еңбек ету қабiлетiнен айрылуына және (немесе) жұмысынан айрылуына, асыраушысынан айрылуына, сондай-ақ жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына және бір жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айрылуына әкеп соқтырған оқиғаның басталуы, соның нәтижесінде өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушы не ол қайтыс болған жағдайда оның асырауында болған отбасының мүшелерi осы Заңға сәйкес әлеуметтiк төлемдердi алу құқығына ие болады;
9) әлеуметтiк төлемдер - әлеуметтік төлемдерді алушының пайдасына Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры жүзеге асыратын төлемдер;
10) алып тасталды - ҚР 17.11.2015 № 408-V Заңымен (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі);
11) әлеуметтiк төлемді алушы (бұдан әрi – алушы) – әлеуметтік қатер жағдайы басталғанға дейін Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына өзіне әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры өзіне қатысты әлеуметтiк төлемдер тағайындау туралы шешiм шығарған жеке тұлға, ал міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болып табылатын, өзіне әлеуметтік аударымдар жүргізілген адам қайтыс болған жағдайда – қайтыс болған (coт хабарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған отбасы мүшелерi;
12) еңбек ету қабiлетiнен айрылу - қызметкердiң жұмыс орындау, қызмет көрсету қабiлетiнен айрылуы, оның дәрежесi айрылған еңбек ету қабiлетiне пайыздық қатынастан көрінеді;
13) еңбек ету қабiлетiнен айрылу коэффициентi - өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушының жалпы еңбек ету қабiлетiнен айрылу дәрежесiне қарай айқындалатын коэффициент;
13-1) еңбекке жарамсыздық күндері санының коэффициенті – еңбекке уақытша жарамсыздық парағында көрсетілген күндер санына қарай айқындалатын коэффициент;
13-2) алып тасталды - ҚР 06.04.2016 № 483-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
13-3) жеке практикамен айналысатын адам – жекеше нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіпқой медиатор;
13-4) инвестициялық декларация – Қор активтеріне қатысты инвестициялық қызметтің мақсаттарын, стратегиясын, Қазақстан Республикасының заңнамасы шеңберінде инвестициялау үшін объектілер тізбесін, шарттары мен шектеулерін, Қор активтерін хеджирлеу және әртараптандыру шарттарын айқындайтын құжат;
13-5) инвестициялық кіріс – Қор активтерін инвестициялау нәтижесінде алынған (алуға жататын) ақша;
14) қатысу өтілінің коэффициентi - мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысудың жалпы өтіліне қарай айқындалатын коэффициент;
14-1) медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшесі (бұдан әрі – МӘС бөлімшесі) – міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы бақылау жөніндегі уәкілетті органның медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізетін құрылымдық бөлімшесі;
15) Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қоры (бұдан әрi – Қор) – асыраушысынан айырылған жағдайда, отбасы мүшелерін – асырауындағыларды қоса алғанда, өздеріне әлеуметтік аударымдар жүргізілген және өздеріне қатысты әлеуметтік қатер жағдайы басталған міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік аударымдарды шоғырландыруды, әлеуметтік төлемдер тағайындауды және жүзеге асыруды жүргізетін заңды тұлға;
16) алып тасталды - ҚР 02.07.2018 № 165-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
17) мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру - еңбек ету қабiлетiнен айрылуына және (немесе) жұмысынан айрылуына, сондай-ақ асыраушысынан айрылуына байланысты, жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына және бір жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне орай табысынан айрылуына байланысты табыстың бiр бөлiгiн өтеу үшiн мемлекет ұйымдастыратын, бақылайтын және кепiлдiк беретiн шаралар жиынтығы;
18) мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесi - мемлекет белгiлейтiн және кепiлдiк беретiн, мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушылардың арасындағы қатынастарды реттейтiн нормалар мен қағидалардың жиынтығы;
18-1) мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысудың жалпы өтілі – әлеуметтiк аударымдар түскен айлардың жалпы саны;
19) мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушылар – төлеушi; өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушы; алушы; "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы; Қор; Қазақстан Республикасының Үкiмeтi; Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi; өзге де уәкiлеттi органдар;
20) мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнiң өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген қатысушысы - өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар төленетiн және осы Заңда көзделген әлеуметтiк қатер жағдайлары басталған кезде әлеуметтiк төлемдер алуға құқығы бар жеке тұлға;
20-1) міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы бақылау жөніндегі уәкілетті орган – халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыратын мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесі;
21) алып тасталды - ҚР 02.07.2018 № 165-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
22) табысты ауыстыру коэффициентi - әлеуметтiк төлемнiң әлеуметтiк аударымдарды есептеу кезiнде негiзге алынған табыс мөлшерiне қатынасын айқындайтын коэффициент;
23) уәкiлеттi орган - Қор қызметiне реттеу, бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттiк орган.
23-1) халықты жұмыспен қамту орталығы – ауданның, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды және «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өзге де шараларын ұйымдастыру мақсатында құратын заңды тұлға;
24) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға.