1-бап. Қазақстан Республикасының жер қоры
1. Қазақстан Республикасының жер қоры нысаналы мақсатына сәйкес мынадай санаттарға бөлiнедi:
1) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер;
2) елдi мекендердiң (қалалардың, кенттер мен ауылдық елдi мекендердiң) жерi;
3) өнеркәсiп, көлiк, байланыс, ғарыш қызметі, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік мұқтажына арналған жер және ауыл шаруашылығына арналмаған өзге де жер;
4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерi, сауықтыру мақсатындағы, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жер;
5) орман қорының жерi;
6) су қорының жерi;
7) босалқы жер.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған жер белгiленген нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланылады. Жердiң құқықтық режимi оның қай санатқа тиесiлiлiгiне және жердi (аумақты) аймақтарға бөлуге сәйкес рұқсатты пайдаланылуына негiзделiп айқындалады.
3. Қазақстан Республикасының аумағында табиғи жағдайлары бойынша мынадай аймақтар ерекшеленедi:
1) орманды дала;
2) дала;
3) қуаң дала;
4) шөлейттi;
5) шөлдi;
6) тау етегi-шөлдi-далалық;
7) субтропикалық шөлдi;
8) субтропикалық-тау етегi-шөлдi;
9) орта азиялық таулы;
10) оңтүстiк-сiбiр таулы аймақтар.