1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) арнаулы мемлекеттік архив – осы Заңның 22-бабының 1-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік органының архив мекемесі немесе бөлімшесі;
2) архив – архивтік құжаттарды жинауды, сатып алуды, жинақтауды, ретке келтіруді, сақтауды, есепке алу мен пайдалануды жүзеге асыратын заңды тұлға немесе оның құрылымдық бөлімшесі;
3) архив коллекциясы – қор құрушылар қызметінде қалыптасқан, бір немесе бірнеше белгілері бойынша біріктірілген құжаттардың жиынтығы;
4) архив қоры – бір-бірімен тарихи немесе қисынды байланысты архивтік құжаттардың жиынтығы;
5) архивтік құжат – қоғам мен мемлекет үшін маңыздылығына қарай сақталатын немесе сақталуға жататын, сол сияқты меншік иесі үшін құндылығы бар құжат;
6) архивтік құжаттарды есепке алу (бұдан әрі – есепке алу) – есепке алу бірліктерінде архивтік құжаттардың саны мен құрамын белгілеу және әрбір есепке алу бірлігінің белгілі бір кешенге және олардың есепке алу құжаттарындағы жалпы санына тиесілігін тіркеу;
7) архивтік құжаттарды пайдаланушы – ақпаратты пайдалану мақсатында алу үшiн архивтік құжаттарға жүгінетін жеке немесе заңды тұлға;
8) архивтік құжаттарды ретке келтіру (бұдан әрі – ретке келтіру) – архивтік құжаттарды сақтау бірліктеріне (істерге) қалыптастыру, осындай сақтау бірліктерін (істерді) Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қоры және архивтер туралы заңнамасына сәйкес сипаттау және ресімдеу жөніндегі жұмыстар кешені;
9) архивтік құжаттарды электрондық нысанға аудару – архивтік құжаттардың электрондық көшірмелерін жасау және уәкілетті органмен келісу бойынша ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындаған ақпараттық жүйелерге мәліметтерді көшіру;
10) архив ісі – жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қорын қалыптастырумен, архивтерді, архив қорлары мен коллекцияларын құрумен, архивтік құжаттарды жинауды, жинақтауды, ретке келтіруді, сақтауды, есепке алу мен пайдалануды ұйымдастырумен байланысты қызмет саласы;
11) аса құнды құжат – Қазақстан Республикасы Ұлттық архив қорының баға жетпестей тарихи-мәдени және ғылыми құндылығы, қоғам мен мемлекет үшін ерекше маңызы бар архивтік құжаты;
12) басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету – заңды тұлғалардың құжаттама жасау және құжаттарды жасау, алу кезінен бастап архивтік сақтауға бергенге дейін олармен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі қызметі;
13) ведомстволық архив – архивтік құжаттарды жинауды, ретке келтіруді, уақытша сақтауды, есепке алуды, пайдалануды және Қазақстан Республикасы Ұлттық архив қорының құжаттарын мемлекеттік есепке алуды жүзеге асыратын мемлекеттік заңды тұлғаның мекемесі немесе құрылымдық бөлімшесі;
14) жеке архив – архивтік құжаттарды жинауды, сатып алуды, жинақтауды, ретке келтіруді, сақтауды, есепке алу мен пайдалануды жүзеге асыратын мемлекеттік емес заңды тұлға немесе оның құрылымдық бөлімшесі немесе қызметі, жинауы және сатып алуы нәтижесінде пайда болған жеке тұлғаның архивтік құжаттары;
15) жеке құрам жөніндегі құжаттар – жұмыскерлердiң еңбек қызметiн растайтын құжаттардың кешенi және оларды зейнетақымен қамсыздандыруға арналған ақшаның ұсталуы мен аударылуы туралы мәлiметтер;
16) Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қоры (бұдан әрі – Ұлттық архив қоры) – тарихи, ғылыми, әлеуметтік, экономикалық, саяси немесе мәдени маңызы бар мемлекеттік және мемлекеттік емес архив қорларының, коллекциялардың және архивтік құжаттардың жиынтығы;
17) құжат – материалдық жеткізгіште дәлме-дәл жазып алынған, сәйкестендіруге мүмкіндік беретін ақпарат;
18) Құжаттар көшірмелерінің мемлекеттік сақтандыру қоры – аса құнды құжаттардың сақтандыру көшірмелерінің жиынтығы;
19) мемлекеттік архив – Ұлттық архив қорының құжаттарын жинау, сатып алу, жинақтау, ретке келтіру, тұрақты сақтау, мемлекеттік есепке алу мен пайдалану құқығы берілген мемлекеттік мекеме;
20) орталық мемлекеттік архив – архив ісі және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы органның қарауындағы мемлекеттік архив;
21) ресми құжат – жеке немесе заңды тұлға жасаған, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ресімделген және куәландырылған құжат;
22) уәкiлеттi орган – архив ісі және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
23) Ұлттық архив қорының құжаттарын мемлекеттік есепке алу (бұдан әрі – мемлекеттік есепке алу) – архив қорларының саны мен құрамы, сақтау бірліктерінің саны туралы мәліметтерді қамтитын, Ұлттық архив қорының құжаттарын облыс, республикалық маңызы бар қала, астана және тұтастай алғанда мемлекет деңгейінде есепке алу жүйесі;
24) Ұлттық архив қорының құжаты – құжаттар құндылығының мемлекеттік сараптамасынан өткен, мемлекеттік есепке қойылған және тұрақты сақталуға жататын архивтік құжат;
25) «электрондық үкiметтiң» сервистік интеграторы – «электрондық үкiметтiң» архитектурасын және «электрондық әкімдіктiң» үлгілік архитектурасын дамытуды әдіснамалық қамтамасыз ету жөніндегі функциялар, сондай-ақ «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген өзге де функциялар жүктелген, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын заңды тұлға.