1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) жергілікті қамту – индустриялық-инновациялық қызмет субъектісінің индустриялық-инновациялық жобасына қатыстырылған Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбегіне ақы төлеу құнының осы жоба бойынша еңбекке ақы төлеудің жалпы қорынан және (немесе) тауарларда, жұмыстар мен қызметтерде белгіленген жергілікті өндірілу үлестері құнының индустриялық-инновациялық қызмет субъектісінің индустриялық-инновациялық жобасын іске асыру кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстардың және қызметтердің жалпы құнынан пайыздық қамтылуы;
2) жергілікті қамту бойынша сараптама – республикалық индустрияландыру картасына енгізуге үміткер индустриялық-инновациялық қызмет субъектісінің индустриялық-инновациялық жобасындағы жергілікті қамтуды бағалау;
3) индустриялық-инновациялық жоба – технологиялар трансфертіне, жаңа немесе жетілдірілген өндірістер, технологиялар, тауарлар, жұмыстар және қызметтер жасауға бағытталған, белгілі бір уақыт мерзімі ішінде іске асырылатын іс-шаралар кешені;
4) индустриялық-инновациялық қызмет – еңбек өнімділігін арттыру және экономиканың басым секторларын дамытуды ынталандыруды қамтамасыз ету мақсатында, экологиялық қауіпсіздік қамтамасыз етілуін ескере отырып, индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыруға не отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі және (немесе) сыртқы нарықтарға жылжытуға байланысты жеке немесе заңды тұлғалардың қызметі;
5) индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері – экономиканың басым секторларында индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыратын не отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі және (немесе) сыртқы нарықтарға жылжыту жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғалар;
6) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган – индустрия және индустриялық-инновациялық даму саласындағы басшылықты жүзеге асыратын, сондай-ақ заңнамада көзделген шектерде салааралық үйлестіруді және индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдауды іске асыруға қатысуды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
7) инновация – экономикалық тиімділікті арттыру мақсатында, экологиялық қауіпсіздікті ескере отырып, жаңа немесе жетілдірілген өндірістер, технологиялар, тауарлар, жұмыстар мен қызметтер, техникалық, өндірістік, әкімшілік, коммерциялық сипаттағы ұйымдастырушылық шешімдер, сондай-ақ өзге де қоғамдық пайдасы бар нәтиже түрінде іс жүзіне асырылған жеке және (немесе) заңды тұлғалар қызметінің нәтижесі;
8) инновациялық грант – индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне инновациялық гранттар берудің басым бағыттары шеңберінде олардың индустриялық-инновациялық жобаларын іске асыру үшін өтеусіз негізде берілетін бюджет қаражаты;
9) инновациялық кластер – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалған, өзара іс-қимыл жасау және қолда бар мүмкіндіктерді бірлесіп пайдалану, білім және тәжірибе алмасу, технологияларды тиімді беру, орнықты әріптестік байланыстарды жолға қою және ақпарат тарату арқылы индустриялық-инновациялық қызметті ынталандыруға арналған ғылыми ұйымдардың, білім беру ұйымдарының, тәуекелмен инвестицияланатын акционерлік инвестициялық қорлардың, сондай-ақ жеке және (немесе) заңды тұлғалардың бірлестігі;
10) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган – стратегиялық, экономикалық және бюджеттік жоспарлау, бюджет саясатын тұжырымдау мен қалыптастыру саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
11) салалық конструкторлық бюро – материалдық-техникалық кешенге иелік ететін, жаңа немесе жетілдірілген тауарлар өндіруді ұйымдастыруда индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне жәрдемдесу үшін технологиялық даму саласындағы ұлттық даму институты құрған заңды тұлға;
12) сындарлы технология – ұзақ мерзімді перспективада (он жылдан артық) ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруды қамтамасыз ететін технология;
13) тауарлардың, жұмыстардың, қызметтердің және оларды берушілердің дерекқоры – отандық тауарлардың, жұмыстардың, қызметтердің және оларды берушілердің тізбесі;
14) технология – пайдаланылуы жаңа немесе жетілдірілген тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді алуды қамтамасыз ететін, бірыңғай өндірістік циклде жұмыс істейтін процесс және (немесе) жабдықтар кешені;
15) технологиялар трансферті – индустриялық-инновациялық қызмет, Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған тәсілдермен алынған меншік, оны иелену және (немесе) пайдалану құқығы субъектілерінің жаңа немесе жетілдірілген технологияларды енгізу процесі;
16) технологияларды коммерцияландыру – жаңа немесе жетілдірілген тауарларды, процестер мен көрсетілетін қызметтерді нарыққа шығару мақсатында ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін іс жүзінде қолданумен байланысты, оң экономикалық әсер алуға бағытталған қызмет;
17) технологияларды коммерцияландыру орталығы – технологияларды коммерцияландыруды жүзеге асыратын заңды тұлға, ғылыми ұйымның, жоғары оқу орнының немесе дербес білім беру ұйымының құрылымдық немесе оқшауланған бөлімшесі;
18) технологиялық болжау – игерілуі мемлекеттің орнықты индустриялық-инновациялық дамуы үшін қажетті шарт болып табылатын технологияларды анықтауға бағытталған талдамалық зерттеулер кешені;
19) технологиялық парк (бұдан әрі – технопарк) – технологиялық даму саласындағы ұлттық даму институты құрған, индустриялық-инновациялық қызметті іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасалатын бірыңғай материалдық-техникалық кешені бар аумаққа меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде иелік ететін заңды тұлға;
20) экономиканың басым секторлары – мемлекеттің экономикалық даму серпіні мен сапасына әсер етуге қабілетті ұлттық экономиканың секторлары.
Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.06.2014 № 208-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.