1-бап. Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасы Қазақстан Республикасының осы Қылмыстық кодексiнен тұрады. Қылмыстық жауаптылықты көздейтiн өзге заңдар осы Кодекске енгiзілгеннен кейiн ғана қолданылуға жатады.
2. Осы Кодекс Қазақстан Республикасының Конституциясына және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына негiзделедi. Қазақстан Республикасы Конституциясының жоғары заңдық күші бар және Республиканың барлық аумағында тікелей қолданылады. Осы Кодекс пен Қазақстан Республикасы Конституциясының нормалары арасында қайшылықтар болған жағдайда Конституцияның ережелері қолданылады. Осы Кодекстің конституциялық емес деп танылған, оның ішінде адамның және азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайтын нормалары заңдық күшін жояды және қолданылуға жатпайды. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі мен Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары Қазақстан Республикасы қылмыстық заңнамасының құрамдас бөлігі болып табылады.
3. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Кодекс алдында басымдыққа ие болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Қазақстан Республиканың заңнамасында айқындалады.
Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.12.2018 № 205-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.